Ертіс ауданында 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз шәкірттерін биіктерге жетелеп келеді
Оның шәкірттері білім бәйгелерінде топ жарып, жүлделі орындар мен гранттарға ие болып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұстаздар күні қарсаңында ұстаз еңбегінің мәні мен маңызы туралы сөз қозғағанда, шәкіртінің жетістігіне қуанып, оның әрбір қадамына бағыт-бағдар беріп келе жатқан мұғалімдерді ерекше атауға болады. Солардың бірі – Ертіс ауданының Северный ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Аулабаева.
Ұстаздықты өмірлік ұстанымына айналдырған Гүлжан Жантемірқызының педагогикалық еңбек өтілі – 30 жыл. Осы уақыт аралығында ол білім берумен қатар, жас ұрпақтың бойына ана тіліне деген құрмет пен әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастырып келеді.
Гүлжан Жантемірқызы – Балтабаевтар әулетіндегі ұстаздық дәстүрдің жалғастырушысы. Әулеттен жалғасқан бұл жол оның кәсіби таңдауына ғана емес, ұстаздық қызметіне деген жауапкершілігіне де өзіндік әсерін тигізген.
– Педагог сабақ барысында дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар, заманауи тәсілдерді тиімді пайдаланады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуіне және ізденісіне басымдық береді. Сонымен қатар, пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу жобалары мен әдеби-шығармашылық байқауларға шәкірттерін жүйелі түрде дайындап келеді, – деді мектеп директоры Нығмет Жүсіпов.
Ұстаз еңбегінің нақты нәтижесін шәкірттерінің жетістіктерінен көруге болады. Оның шәкіртінің бірі жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде екінші орын иеленіп, «Қазақ тілі мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша Margulan университетінің грантына ие болды.
Былтыр басқа тағы бір тәлімгері республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінде бірінші орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды.
– Шәкірттерінің түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жүлделі орындардан көрінуі – ұстаздың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Әрбір жетістіктің артында оқушының талабы мен ізденісімен қатар, мұғалімнің бағыт-бағдары, жүйелі дайындығы және кәсіби шеберлігі жатыр. Ал қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттың рухани негізін қалыптастыратын маңызды пәндердің бірі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген Гүлжан Жантемірқызы үшін шәкірттерінің тілге деген құрметін арттырып, әдеби мұраға қызығушылығын ояту – педагогикалық қызметінің маңызды бөлігі, – деп атап өтті мектеп басшысы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ш.Уәлиханов атындағы мектепте 102 оқушы білім алып, 30 педагог қызмет атқарады. Білім ошағында оқушыларға сапалы білім берумен қатар, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.