Ертіс ауданында жас ғалым топырақ құнарын сақтап қалуға ұмтылуда
Ол аграрлық саланы тек еңбек емес, ғылым мен инновация тоғысқан үлкен мүмкіндік деп біледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданы Ұзынсу мектебінің 9-сынып оқушысы Болат Мансұр бүгінгі ауыл шаруашылығына жас ғалымның көзімен қарайды.
Жас зерттеушінің жобалары экологиямен үндес. Фермалардағы көмірқышқыл ізін азайту, органикалық қалдықтарды биогумусқа айналдыратын вермитехнология, гидропонды әдіспен мал азығын өсіру, микрожасыл мен витграсс өндірісі – мұның бәрі Болаттың ғылыми портфолиосында бар нақты бағыттар.
Әсіресе, жауынқұрттар арқылы табиғи тыңайтқыш өндіру идеясы оның табиғатқа жанашыр көзқарасын айқын көрсетеді. Бұл тәсіл топырақ құнарын сақтап қана қоймай, өнімділікті химиясыз арттыруға мүмкіндік береді.
Мансұрдың еңбектері облыстық, республикалық байқауларда жоғары бағаланып, «Табиғатты аяла» экологиялық конкурсында да үздіктер қатарынан көрінді. Ол өз зерттеулерін тек қағаз жүзінде қалдырмай, отбасылық фермада тәжірибе арқылы дәлелдеуде.
Жас зерттеушінің ойынша, ауыл шаруашылығының басты мәселелері – топырақтың тозуы мен қалдықтардың көбеюі. Ал оның шешімі – ғылым, экология және жауапкершілік.