Ертіс ауданының үздік оқушылары жағдайы жоқ мектепте оқиды
Бұл мектепте спорт, мәжіліс залдары мүлдем жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Асайын Байхановтың Ертіс ауданының халқымен кездесу барысында Қызылқақ ауылында типтік мектеп ғимаратының жоқтығы және білім ошағында оқуға жағдай жасалмағаны сөз етілді.
– Мектебімізде 70-тен астам бала оқып жатыр. Жетістіктеріміз жетерлік. Өткен жылы облыс бойынша ҰБТ-дан түлектеріміз алдыңғы қатарда. Ауданда 6 алтын белгі бар, оның үшеуі үшеуі біздің мектепте. Алайда мектебіміздің жағдайы нашар. Мәселен, спорт,акт залдары атымен жоқ. Асханамыз өте тар. Тек бес адамнан ғана тамақтана алады, – дейді ауыл тұрғыны және көпбалалы ана Марал Мубаракова.
Қызылқақ мектебінде 72 оқушы білім алады. Білім ордасында мектеп алды даярлық сыныбы және шағын орталық бар. Жалпы ауылда 251 адам тұрады, оның ішінде бала саны 96. Асайын Байханов ауыл тұрғындарының санын көбейту керектігін атап өтті.
– Балаларыңыздың жетістіктері мол болса онда біз қолдауымыз қажет. Бос уәде бергім келмейді, бұл мәселені талдайық. Егер де ауыл тұрғындарының саны 300-ден асып жатса 100 пайыз жаңа мектеп салуға болады , – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы білім басқармасына ауыл тұрғындарымен кездесіп, мектептің жағдайын қарауды тапсырды. Самал Айтқазина өз ұсыныстарын облыс әкіміне тамыз айының соңына дейін ұсынуы тиіс.
Еске сала кетейік, Ертіс ауданы Қызылқақ ауылында биыл ауызсу мәселесі шешілмек. Бұған қаражаттан 407 млн бөлінген. Сондай-ақ, Сілеті, Ынтымақ, Қараөткел, Үлгілі, Бұланбай, Қосағаш, Қараағаш, Степное , Тоқта ауылдарында байланыс қызметінің сапасын арттыру қарастырылады.