Ертіс ауданының мұғалімдері өзара тәжірибелерімен бөлісті
Шара «Ортақ тәжірибе – сапалы білім кепілі» жобасы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім сапасын арттыру мақсатында Ертіс ауданында аудандық білім беру бөлімінің жетекшілігімен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің химия пәні мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері ашық сабақ өткізді.
- Мұғалімдер заманауи платформаларды ұтымды пайдалана отырып, оқушыларға ерекше ашық сабақ өткізді. Мәселен, химия пәнінің мұғалімі өз сабағында LearningApps, Canva платформаларын тиімді қолданып, топтық жұмыс пен ойын элементтерін енгізді. Оқушыларды «Атом және молекула» ойыны арқылы топқа бөліп, постер қорғау жұмыстарын ұйымдастырды, сондай-ақ презентация арқылы рефлексия жүргізді, - делінген хабарламада.
Ал ағылшын тілі пәні бойынша ұйымдастырылған ашық сабақта Wordwall платформасын және жасанды интеллект құралдарын пайдаланылды.
Сондай-ақ мұғалімдерге «Микрооқыту арқылы сабақта білім сапасын арттыру» тақырыбында биология пәнінің мұғалімі Zoom арқылы коучинг жүргізіп, оның барысында Genially платформасын қолданып, микрооқыту негізінде сабақ құрылымын ұйымдастыру жолдарын көрсетті. Іс-шараға аудан мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Мұғалімдер сабақ беру әдістемесі бойынша өз тәжірибелерімен бөліссе, оқушылар пәндер бойынша білім деңгейлерін салыстыруға мүмкіндік алды.