«Ертіске» ислам қабылдаған Қазақстан чемпионы ауысты
Ол келесі маусымға келісімшартқа отырған сегізінші футболшы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз футболының түлегі Максим Федин еліміздің бес дүркін чемпиондары қатарына қосылды. Футболшы соңғы екі маусымды шымкенттік «Ордабасы» сапында өткізіп, командамен 2023 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Максим Федин «Тобыл» сапында ойнап жүріп, қола жүлдегер атанғанын да атап өткен жөн.
28 жастағы футболшы мансабының көп бөлігін Қостанайда өткізді. Екібастұздық өрен 2018-2019 жылдары «Тобыл» сапында 71 кездесу өткізіп, 11 гол соққан. Футболшы қазақстандық «Ақтөбе», «Атырау», «Оқжетпес», «Қайсар», «Тұран» және «Бәйтерек» клубтарынан бөлек, Сербияның «Спартак» командасында алты кездесу өткізген.
2019 жылы ол ұлттық құрама сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Сан-Марино қақпасына гол соқты. Қазақстан құрамасы үшін барлығы 19 кездесу өткізген.
Интернеттегі ақпаратқа сәйкес, Максим Федин 2022 жылы Instagram желісіндегі жазбаларының біріне «Әлхамдулиллаһ» деп қолтаңба қойып, осылайша исламды қабылдағанын жариялаған.
Бұған дейін Арман Смайылов, Владимир Воменко, Тимур Байжанов, Руслан Есімов және Бақтияр Төлеуовпен келісімдер ұзартылған болатын. Сонымен қатар, өткен жылдың соңында павлодарлық футбол түлектері Тамерлан Ағиманов пен Никита Калмыковпен келісім-шарт жасалды.