Ертіс ауданында эвакуациялық пункт ұйымдастырылды
Ұзынсу ауылында алты тұрғын үйді су басу қаупі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданындағы Ұзынсу ауылын су басу қаупі туындауына байланысты 3 сәуір күні таңертең облыстық жедел штаб «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» республикалық маңызы бар автокөлік жолында қозғалысты жабу туралы шешім қабылдады.
Даладан келген еріген су жолдың қазылған учаскелері арқылы ағызылды. Сол жерде облыс әкімі Асайын Байханов болды.
– Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша судың деңгейі 15-20 см-ге төмендеді. Сағат 17:30-да ауылға су екінші жағынан келіп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Қазіргі уақытта 6 тұрғын үйді су басу қаупі бар. Тұрғындар үйлерін өз беттерінше тастап шықты және қазір туыстарының үйлерінде, – делінген хабарламада.
Қазір сол жерде Ертіс ауданының әкімі, төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары және аудандық ТЖ бөлімінің басшысы бар. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың ресурстары жіберілді. ТЖД күштері мен құралдары жолда.
– Тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ. Алайда, жергілікті мектепте эвакуациялық пункт ұйымдастырылғаны туралы халыққа хабарланды, – дейді өңір басшысы.
Мамандар жағдайды бағалау үшін аулаларды аралауда.