Есірткі, ұрлық: Павлодар облысында ер адам он сегіз жылға сотталды
Қылмыстың барлық эпизодтары сотта зерттелген дәлелдемелермен, куәгерлердің, жәбірленушілердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен толық расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ер адамға қатысты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын жымқыру, тонау, ұрлау, өткізу мақсатында аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау, көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау фактілері бойынша қылмыстық істі қаралды (ҚК 298-б. 4-б., 191-б. 2-б. 1) т., 297-б. 3-б. 3) т., 122-б. 1-б., 188-б. 2-б. 4) т.).
Былтырғы жылдың наурыз айында айыпталушы танысынан аса ірі мөлшердегі гашишті ашық түрде жымқырып, кейін сату мақсатында заңсыз сақтаған, сондай-ақ оны басқа елді мекенге заңсыз тасымалдаған. Сонымен қатар танысынан ұялы телефонын ашық түрде ұрлаған.
Ал мамырда Ақсу қаласындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған қызбен, екі жақтың келісімі бойынша жыныстық қатынасқа түскен. Маусымда Ақсу қаласындағы «Достық» базарының маңында айналасындағылардан жасырын түрде ер адамның 172 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен.
Қылмыстар ауырлығы орташа (ұрлық), ауыр және аса ауыр (есірткі заттарын жымқыру) санаттарына жатады, олар үшін заңда 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
– Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, екі эпизод бойынша кінәсін мойындауын, жағымды мінездемесін және жас екенін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, ер адамға жасаған қылмыстарының жиынтығы бойынша түпкілікті 18 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген үкімде.
Сондай-ақ , сотталушы өмір бойына педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.