Инвестициясыз бизнес: Павлодарлық тұрғын санын соғып қалды

Инвестициясыз бизнес: Павлодарлық тұрғын санын соғып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тұрғын Wildberries маркетплейсінде сатушы болмақ ойымен күдікті оқытуға несие алып, 200 мың теңге ақшасын жұмсаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «МИР» медиация орталығы жеке мекемесінің медиатор-заңгері Әлімбек Ағыбаев мәлім етті. 

– Әлеуметтік желіде әйел адам Wildberries маркетплейсінде сатушы болу үшін оқыту жүріп жатқаны жайлы жарнама көрген. Жарнамадағы инвестициясыз бизнес арқылы табысыңыз артады деген сөздерге сеніп, оқытуға несие алған. Ал оқыту барысында берілген материалдарды ашық форматта тауып алатынын түсінген тұрғын бізге жүгінген, – деді  Әлімбек Ағыбаев.

Әйелді 200 мың теңге оқу сомасына барлығы кіреді және қосымша инвестиция қажет емес деп сендірген. Алайда ол адам төлемді жасағаннан кейін қосымша мән-жайларды білген.

– Кейіннен қызмет беруші тиісті жабдықтарды сертификатсыз жібергені анықталды. Ол туралы келісімде бірде-бір сөз болған жоқ. Оған еш инвестициясыз бизнесті қолға аласың деп уәде еткен. Ал әйел ары қарай заттарын сату үшін қосымша қаражат жұмсау керек екенін түсінген. Себебі заттарды сертификатсыз сату заңсыз болып табылады,– деді Әлімбек Ағыбаев.

Спикердің айтуынша, сот арқылы екеуінің арасындағы келісімшарты бұзылып, тұтынушының ақшасы қайтарылды.