Көктөбелік оқушылардың «Автономды фермасы» республикада жүлдеге ие болды
Дәрмен мен Саян – робототехника үйірмесінің тәрбиеленушілері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданы Көктөбе ауылындағы мектеп оқушылары Дәрмен Жұман мен Саян Қылышбекұлы Ақмола облысында өткен «Зерде» шығармашылық жобалар байқауында екінші орынға ие болды.
Төртінші сынып оқушылары Дәрмен Жұман мен Саян Қылышбекұлы робототехникамен бір жыл айналысып келеді. Енді жарыстарға қатыса бастады. «Автономды ферма» жобасын олар ұстазы Динара Бейсекованың жетекшілігімен жасап шықты. Бұған дейін бұл жобамен облыстық «Зерде» байқауының турынан жеңіспен оралған.
– Робототехника – білім беру жүйесіндегі ең өзекті бағыттардың бірі. Оқытудағы басты мақсат – оқушылардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін, техникалық сауаттылығын арттыру. Балалар осы жолда үлкен жетістіктерге жетіп келеді, – дейді ұстаз.
Жоба шағын мал фермасы түрінде ұсынылған. Мұнда датчиктер адамдарға отарды басқаруға көмектеседі.