Көлік салығы: Павлодарлықтардың 800 миллион теңгеге жуық берешегі бар
Облысымыз салықтың бұл түрі бойынша берешек болған ТОП-5 өңір қатарында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
15 қарашадағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың берешегі 890 миллион теңгеден асты. Оның ішінде мүлік салығы бойынша – 98 миллион теңге, көлік құралдарына салынатын салық бойынша – 790 миллион теңгеден астам, жер салығы бойынша – 3 миллион теңге.
– Көлік салығы бойынша қарыз өте үлкен. Ол Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалалар деңгейінде. Яғни берешегі жоғары өңірлердің бестігіне кіреді, – деді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.
Оның сөзінше, 45-ке жуық адамның екі миллион теңгеден астам қарызы бар.
– Мысалы, Павлодар қаласының тұрғынында берешектің ең үлкен сомасы – 8 миллион теңге шамасында жиналып қалған. Ал 7 миллионнан теңгеден астам берешегі бар адам Успен ауданында тұрады. Аталмыш сомалар жылдан-жылға қосылады. Былтырдан көлік салығы бойынша қарыз 150 миллионға өсті, – деді Ерболат Ғаббасов.
Мүлік салығын уақтылы төлемеген жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарламалар жіберілді. Олар 30 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Бір айлық есептік көрсеткіштен астам берешек бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салықтық бұйрықтар жіберіледі. Олар 5 күннен кейін жеке сот орындаушыларына беріледі. Жеке сот орындаушылары өз кезегінде берешек сомасына қосымша өз қызметтері үшін төлемді өндіріп алады, оның мөлшері салық берешегі сомасының 25%- на дейін болуы мүмкін.
Салық берешегінің бар жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында тексеруге болады. Анықтамалық ақпарат алу үшін бірыңғай байланыс орталығының – 1414 тегін нөміріне немесе салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына хабарласуға болады.