Кенжекөлдіктер «Ауыл күнін» ерекше тойламақ

Кенжекөлдіктер «Ауыл күнін» ерекше тойламақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Атаулы күн аясында түрлі мәден-спорттық шалалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8-9 тамыз күні Кенжекөл ауылдық округінде «Ауыл күні» мерекеленеді. Осыған орай ауыл тұрғындары мен қонақтары ат үстінде атой салатын білекті жігіттердің «Көкпар» тартысының куәсі болмақ.

— «Ауыл күнін» кенжекөлдіктер екі күн қатарынан тойлайды. «Көкпар» ауыл шетіндегі орман белдеуі аумағында 8 тамыз күні таңертең 8:00-де басталады. Ал жарыстың ақтық мәресі 9 тамыз күні 8:00-ден 13:00 аралығында өтеді. Қазіргі таңда онға жуық команда өтініш беріп үлгерді. Әлі де өтініштер қабылдануда, — дейді ұйымдастырушылар.

«Ауыл күні» аясында тұрғындар түрлі спорттық ойындарға қатысып, өз бақтарын сынай алады. Атап айтқанда асық ату, арқан тартыс, армрестлинг (қол күресі), гір көтеру бар. Бұдан бөлек, қолөнер бұйымдарының көрме-сатылымы мен мерекелік сауда да ұйымдастырылады.

Ал атаулы күннің көркін Павлодар қаласындағы шығармашылық ұжымдардың өнерпаздары мен қазақ эстрадасының жұлдыздарының мерекелік концерті кіргізбек.