Кенжекөлде Ғабдыл-Уахит хазіреттің жұбайын көрген кейуана тұрады
Бижамал Үздембаева 1939 жылы Шарбақты ауданында дүниеге келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл күзде Жаңаауыл ауылында көп жылдар білім беру саласында еңбек еткен Ислам Темірғалыұлының 100 жылдығына орай қыздары Жанар мен Жұбаныш Исламқызы ата-балаларына арнап ас беріп, Құран бағыштаған. Ислам Темірғалыұлының әкесі Темірғалы Қарынбайұлы Ғабдыл-Уахит хазіреттің қайын ағасы, дін жолын ұстанған адам болған. Сол асқа қатысқан жандардың бірі Бижамал Үздембаева балалық шағында дін және қоғам қайраткерінің жары Бөпежан Қарынбайқызы жайлы есінде қалған естеліктерімен бөлісті.
– Балалық шағым Бауыртал деген жерде өткен. Мен дүниеге келгенде анам өлім аузынан қалған екен. Сол қиын-қыстау заманда Темірғалы атамыз «Дүниеге сәби келді деп естідім», деп көрші қоныстан арнайы келген екен. Содан анамды ұшықтап, менің атымды Бижамал деп қойып кеткен, – деп еске алады зейнеткер.
Көпті көрген кейуананың айтуынша, Ғабдыл-Уахит хазіреттің жұбайы Бөпежан ана Темірғалы Қарынбайұлының қарындасы болған.
– Бөпежан ана менің анамның Кәриман деген әпкесінің құрбысы еді. 1949 жылы сол үйде болдық. Бұл отбасы өте текті болатын. Бөпежан ана дөңгелек жүзді, өте сұлу адам еді. Әлі күнге дейін келбеті көз алдымда. Үстінде сәтен камзол, басында ақ жауылығы бар. Мен шығып бара жатқан кезде екі құлағымды ұстап, жасымды сұрады. Мен «он бірдемін» дедім. «Қыз баланың құлағын тестіреді, құлағыңды тестір» деп айтқаны есімде, – дейді Бижамал Үздембаева.
Зейнеткер Қабылдуахит Хазірет Тіленшіұлын өз көзімен көрмегенін айтады. Алайда Бөпежан Қарынбайқызының туыстарымен отбасы етене жақын араласқан.
Еске сала кетейік, Ғабдыл-Уахит хазірет (1853–1926) – ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басында өмір сүрген белгілі діни қайраткер. Аңыздар мен хикаяларға сүйенсек, Ғабдыл-Уахит хазірет айналасындағы адамдарға айрықша әсер етіп, дұғамен емдеу қабілетіне ие болған.
Кеңес үкіметі орнаған жылдары Ғабдыл-Уахит хазірет намаз оқып жатқан сәтте Келдіқыз қонысына жалған ақпармен қызыл отряд келіп қалады.Бір солдат құранды жыртып, папирос орап, шылым шегеді. Сол сәтте-ақ оның бет-аузы қисайып қалады. Оған көңіл де бөлмеген екі солдат хазіретті атуға орманға алып шығады. Атар алдында хазірет олардан намаз оқуға рұқсат сұрайды. Оқып болғасын «Мен дайынмын!», — деген. Оған бағытталған мылтық үш рет атылмайды. Екінші солдат қылышпен шауып тастамақ болғанда қолы көтерілген күйінде қатып қалады. Солдаттар болған жағдайды командиріне айтады. Командир келіп, солдаттардың пұшайман түрлерін көріп, таңқалады. Сөйтіп, ол Хазіреттің қойған шартымен келісіп, мөр басылған анықтама жазып береді. Тек осыдан кейін ғана Ғабдыл-Уахит хазірет намаз оқып, солдаттарды тылсым күштен босатады. Осы оқиғадан кейін бақиға аттанғанша хазіретке ешкім қайтып тиіспейді.