Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді павлодарлық жедел уәкілдер қолға түсірді

Халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді павлодарлық жедел уәкілдер қолға түсірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол 14 жыл бойы Эстония Республикасында жасырынып жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жыл басынан бері Павлодар облысының жедел қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген 47 адамды анықтап, ұстады. Олардың 15-і Қазақстаннан тыс жерлерде іздеуде болған.

– Әділдік үшін шекара да, уақыт та жоқ. Жақында өңірде «Іздестіру» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның нәтижесінде 16 қылмыскер қолға түсті, олардың 9-ы – ТМД елдерінде қылмыс жасаған шетел азаматтары. Ең резонансты іс Таллин қаласында тіркелді. 2012 жылы қарақшылық жасаған Қазақстан тұрғыны 14 жыл бойы Эстония Республикасында жасырынып жүрген. «Көрінбей» қалу үшін ол жалған құжаттар пайдаланып, бөтен адамның атымен өмір сүрген. Алайда павлодарлық жедел уәкілдер интерполмен бірлесіп, оның айласын ашты. Қазіргі уақытта халықаралық келісімдерге сәйкес оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралуда, – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Тағы бір қылмыс Шарбақты ауданында тіркелді. Мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған кезде Қырғызстан азаматы ұсталды. Ол Ресейдегі әріптестерінің сұрауы бойынша ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген, бұл туралы іздеу жариялаған тарапқа хабар берілді.

Полковник - әділдіктен қашып құтылу мүмкін еместігін әрі қылмыскерлер қандай амал қолданса да, елден тыс жерде жасырынып жүрсе де, жасаған ісі үшін бәрібір жауап беретінін мәлімдеді.