Майқайыңда өгей қызын бала кезінен зорлаған азғын жазасын түрмеде өтейді

Ол 23 жылға сотталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көрінеу жас жәбірленушіні бірнеше рет зорлау фактісі бойынша ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 120-бабының 4-бөлігі және ҚК 121-бабының 4-бөлігі)
Істің мән-жайлары заң бойынша жария етілмегендіктен, іс жабық сот отырысында қаралды.
Айыпталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сот зерттеген өзге де дәлелдемелермен дәлелденді.
Қылмыстық заңда жасалған іс үшін тек бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот ер адамды 23 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады.
Сондай-ақ, ер адам кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымдар мен лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде міндетті қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, былтыр Майқайың мектебінде сынып жетекшісі бір көшеде тұратын баланың мінез-құлқында өзгерістер болып жатқанын байқаған. Әңгіме барысында сынып жетекшісі жағдайларын сұрастырған кезде 9-сынып оқушысын өгей әкесі зорлағаны туралы білген.