Май ауданында республикалық маңызы бар жолдың жөнделуі аяқталуға жақын
Бүгінде Атамекен-Ақсу-Үлкен Ақжар-Курчатов жолының 95%-ы жақсы жағдайда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданына барған жұмыс сапары барысында республикалық маңызы бар Атамекен-Ақсу-Үлкен Ақжар-Курчатов жолының жөндеу жұмыстарын тексерді.
Жолдың жалпы ұзындығы 216 км құрайды. Биыл оның 45 км жөнделіп, бүгінгі күні жолдың 195 шақырымы немесе 95% жақсы жағдайда. Қалған 21 км жол төсемін жаңарту және сол арқылы жобаны 2024-2025 жылдары 100% аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Баскөл ауылындағы Белая саласы арқылы өтетін понтон көпірінің құрылыс барысымен танысты. Мұндағы ауыл тұрғындарының шабындық алқаптары өзеннің арғы жағында орналасқан және шөпті қыста мұз үстімен тасымалдап келген. Аталмыш мәселені көптеген жылдар бойы ауыл тұрғындары сұраған понтондық көпір шешуі тиіс. Бүгінде оның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 60 метр болатын понтон көпірінің құны 203,8 миллион теңгені құрады. Асайын Байханов орындалып жатқан жұмыстарды тексеріп, көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңыздылығын ескеруді және жұмыстарды созбауды тапсырды.
Келесі кезекте Аса йын Байханов «Димаш» ЖК қызметімен танысты. Кәсіпкер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша алты миллион теңгеге несие алып, шағын тракторлар мен тиегіштер, автоүйлер, мал таситын тіркемелер жасап шығаруда.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Көктөбе орта мектебінің жаңа блоктық-модульдік қазандығының жұмысын да тексеріп шықты. Майтүбек ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық пунктке барып, ауылдағы коммуникация және ақпарат орталығында болды. Ол жерде әкімдіктің ғимаратын заманауи ақпарат және коммуникация орталығына айналдырған.
Халықпен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Енді ауыл тұрғындарына кеңес пен анықтама алу үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ.