Май ауданында жас жазушылар әкелеріне арнап эссе жазды

Май ауданында жас жазушылар әкелеріне арнап эссе жазды
Фото pixabay.com\profnshst

«Менің әкем – жұмысшы» аудандық қашықтық форматтағы эссе байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаевтың сөзінше, байқаудың мектепішілік кезеңіне 100-ге жуық оқушы қатысып, үздік 11 жұмыс аудандық кезеңге жолданды.

–   Қашықтан өткізілген эссе сайысына қатысқан аудан мектептерінің 7-9 сынып оқушылары әкелерінің түрлі мамандықтары мен қызығушылықтары туралы жазған. Олардың қатарында теміржолшы, дәнекерлеуші, құрылысшы әкелер де бар, – деді ол. – Кейбір шығармаларда ауытқулар болды, алайда біз оқушылардың өз ойын көркем сөзбен жеткізе білуге дайындау үшін өткізіп отырмыз.

Эсседе әкелердің жұмысбастылығы туралы, өз еңбегіне сүйсіне қарап, адал табыс табу, соған қарамастан, демалыс күндері бірге серуендеу туралы отбасылық құндылықтар да баяндалған.

Жеңімпаздарға диплом табысталып, қатысқандарға алғыс хат берілді.