Медаль алу – басты мақсат емес: Павлодарлық зияткерлер табысқа жетудің сырымен бөлісті
Жыл бойы үздіктердің үздігі атанған оқушылар шетелдік университетке оқуға түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Халықаралық олимпиадаларға қатысқан Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің оқушылары мен түлектері өз жетістіктерімен бөлісті.
Ринат Елеусізов – химия пәнінен облыстық, республикалық және Халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Шэньчжэньде (Қытай) өткен Халықаралық Менделеев химиялық олимпиадасының алтын медаль иегері. Сондай-ақ, 2023 жылы Швейцарияда өткен Icho химиядан 55-ші Халықаралық олимпиадасынан күміс медаль, 2023 жылы 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасынан қола медаль, 2024 жылы химия пәнінен оқушылардың республикалық олимпиадасынан алтын әкелген. Жуырда ол Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен химия пәні бойынша 56-ші Халықаралық олимпиададан (IChO-2024) алтын медалінің иегері атанды. Ол лицейді бітіріп, Оңтүстік Кореядағы ғылым мен технология университетіне оқуға түсті.
– Әрине, халықаралық олимпиадалардағы жетістіктер шетелде бағаланады. Дегенмен тек медальдардың арқасында оқуға түсу мүмкін емес. Ол үшін жоғары академиялық қабілеттер, жалпы білім қажет. Сөзсіз шетелге оқуға түсу үшін IELTS, SAT сияқты стандартталған сынақтарды тапсыру керек, – деді Ринат Елеусізов.
Оның сөзінше, олимпиадаға дайындық барысында қызығушылықпен жаттығу өте маңызды.
– Біреу үшін оқып, жаттау керек емес. Ата-ана немесе мұғалімнің қысымымен, не болмаса медаль жеңіп алу мақсатында олимпиадаларға қатысу қате деп айтуға болады. Осындай оқушылар ғылымға қызығушылық танытпайды. Олар әдетте ештеңеге қол жеткізе алмайды. Яғни, сізді ешкім мәжбүрлемеуі керек. Бұл сіздің жаңа нәрсені үйренуге деген шынайы тілегіңіз болуы қажет, – деді Ринат Елеусізов.
Ал шілденің аяғында Ұлыбританияның Бат қаласында өткен математика пәні бойынша оқушылардың Халықаралық олимпиадасына (IMO-2024) қатысқан Владимир Роговский қола медаль иегері атанды. Ол сондай-ақ, Халықаралық «Жібек жолы», Азия-Тынық мұхит олимпиадасы, О.Жәутіков атындағы Халықаралық және республикалық олимпиадасының жүлдегері. Оның сөзінше, олимпиадаға дайындық уақытын тиімді өткізу керек.
– Жаттығуларға бір күнде нақты қанша уақыт бөлу керектігі бойынша қалыпты ережелер жоқ. Өзіңді қинап, сегіз сағат кітаптан бас көтермеу де дұрыс емес. Себебі, қажып кетуге болады. Уақытқа емес, сапаға дайындалу мардымды шешім деп санаймын, – деді Владимир Роговский.
Лицей түлегі оқушыларға әр жеңістің артында орасан зор еңбек тұрғанын еске салады.
– Жеңіліс болған жағдайда да еңсеңді түсірмей, ары қарай әрекет жасап, жолды жалғастыруға күш жинау керек. Олимпиадаға қатысып, орын алмаған кезде де өмір аяқталмайды. Медаль алу – ең басты мақсат емес. Ең маңызды ол – білімді нығайтып, тәжірибе алу. Бұл, өз кезегінде ғылыми мансап құрудың негізі болады, – деді Владимир Роговский.
Владимир әлі университет таңдаған жоқ, алайда қазақстандық оқу орнын таңдаймайтыны анық.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Халықаралық олимпиадада алтын ұтқан павлодарлық түлек Ринат Елеусізовті құттықтады.