«Мерейлі отбасы – 2025»: Павлодарлық отбасы Астанада марапатталды

«Мерейлі отбасы – 2025»: Павлодарлық отбасы Астанада марапатталды

Байқауға еліміздің барлық аймағынан келген өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаз жанұялар – көпшілікке үлгі көпбалалы, еңбек адамдары және шығармашыл отбасылар.

Іс-шараға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – рухани және отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы бастау алған бірегей жоба. Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.

Биыл байқау он екінші рет өткізіліп отыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 3434 өтінім түскен. Әр өңір бойынша жеңімпаз анықталып, барлығы 20 отбасы марапатталды. Оларға естелік мүсіншелер, дипломдар мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.

Астана қаласында өткен марапаттау рәсіміне Павлодар облысынан Тұрсынбаевтар отбасы қатысты. Олар Екібастұз қаласының тұрғындары, «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары.

Отағасы Сейфула Тұрсынбаев жары Айгүл Қайроллақызымен балалары мен немерелерін еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа аман етіп жеткізіп келеді.  Олардың отау құрғандарына 40 жыл болды. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне тірек болып, берік отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп, елге сыйлы, үлгілі әулетке айналды.