Мойылдыда екі қабатты жеке тұрғын үй отқа оранды
Өрт түнде шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
22 желтоқсан күні сағат 20:50-де «101» операторының пультіне Мойылды елді мекенінде Мектеп көшесінде орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Ең жақын өрт сөндіру бөлімшесіне дейінгі қашықтық – 22 шақырым.
Шақырту түскеннен кейін бір минуттан соң, яғни 20:51-де оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері жіберілді. Өрт сөндірушілер 22 шақырым қашықтықты 28 минутта еңсеріп, белгіленген нормативтік уақыттан бұрын жетті.
Хабарламаның кеш түсуіне байланысты өрт сөндірушілер келген сәтте екі қабатты үйдің шатыры мен екінші қабаты толықтай отқа оранған болатын.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД-ның 17 жеке құрам қызметкері және 5 техника, апаттар медицинасы орталығының бригадасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 4 адам және 1 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, оқиға орнында полиция қызметкерлері болды.
Өрт сағат 22:25-те толықтай сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
Павлодар облысының ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескертеді.