Оралдық бүлдіршіндер Баянауылдың көрікті жерлерімен танысты
Құрамы 13 оқушы мен екі жетекшіден тұратын топ мүшелері саяхатқа шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірімізге Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан «Елтану» бағдарламасы аясында оқушылар мен ұстаздар келді.
Аталмыш саяхаттың алғашқы күні Павлодар қаласының мұражайлары мен көрікті жерлерінен басталды. Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыстары туризм және экология орталығына айналған киелі Баянауыл өңірінде жалғасын тапты.
– Туристер арнайы академик Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай туған өлкесімен танысуды басты мақсат етті, – дейді Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Гүлден Хабибуллинова.
Оның сөзінше, жас өрендер Қоңыр әулие, Кемпіртас, Жасыбай, Торайғыр көлдері демалыс аймақтарын аралап қайтты. Демалушылар бірінші күні киелі жердің ұлы тұлғалары Қ.И.Сәтбаев пен С.Торайғыровтың мұражайымен танысты.
Бұдан бөлек, аталмыш тур аясында Найзатас, Сәкен шыңы, Әулие бұлақ, Қоңыр әулие жері, Сәтбаев қорымы, Мұса Шорман және Мәшһүр Жүсіптің мәңгілік мекені болған кесенеге танымдық бағыттар бойынша бару жоспарлануда.
Айта кетейік, Орал қаласынан бастау алған саяхат үш күнге жалғасады.