Павлодар қаласы әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды (ВИДЕО)
Арслан Қалияқбаров уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 маусым күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар аясында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Арслан Қалияқбаров ұсталды.
– Ол жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу шарты бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерден пара алды деп күдіктенеді. Ақшаны алғаннан кейін Арслан Қалияқбаров қылмыс үстінде ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп жазылған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарламасында.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Видео: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі