Павлодар ауданының ауылдарын су басып жатыр
Ефремовка ауылынан екі адам эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа райының жылынуынан Павлодар ауданының еріген қар суы сорылып жатқан Розовка және Ефремовка ауылдарында су тасқынына қарсы іс-шаралар басталып кетті. Сорғы ұзын шлангтардың көмегімен жүзеге асырылады, сонымен қатар құм қапшықтары жол бойына және су ағынына параллель орналастырылады.
– Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді су басудың алдын алу, сондай-ақ зардап шеккен ауыл тұрғындарына көмек көрсету мақсатында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тәулік бойы патрульдік қызмет атқарады, – деді Павлодар ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
Ведомствоның хабарлауынша, еріген қар суы екі үйге кіріп кеткен, сонымен қатар аула аумақтарын су басып жатыр. Барлығы 981 ауланың 74-не жуығын су басқан. Онда еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда. Ефремовка ауылынан 2 адам эвакуацияланып, туыстарына орналастырылды, мал қауіпсіз жерге шығарылды.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілерінен өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты еріген қар суы басқан жол учаскелерін көргенде жалпы қауіпсіздік үшін жылдамдықты төменгі деңгейге дейін түсіруді сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, облыс бойынша автокөлік жолдарының 14 учаскесі және елді мекендердегі су тасқынына қарсы алты учаске бақылауда.
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті