Павлодар ауданының пробация қызметі сотталғандарға қолдау көрсетті

Павлодар ауданының пробация қызметі сотталғандарға қолдау көрсетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Акцияның мақсаты – қиын жағдайға тап болған сотталғандарға әлеуметтік қолдау көрсету және олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Павлодар ауданының пробация қызметі «Антарес А» қоғамдық қорымен және облыстық прокуратурамен бірлесіп, пробация есебінде тұрған азаматтарға алғашқы қажетті азық-түлік жиынтықтарын тарату бойынша қайырымдылық акциясын өткізді.

– Мұндай іс-шаралар сотталған азаматтарға мемлекет пен қоғам тарапынан қамқорлықтың бар екенін сезінуге мүмкіндік береді. Бұл олардың өз өмірін жақсы жағына өзгертуге деген ынтасын арттырады, – деді Павлодар ауданының пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Бейбут Болатханов.

Шара барысында пробация қызметкерлері, прокуратура және «Антарес А» қоғамдық қорының өкілдері мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы сотталған тұлғаларды әлеуметтік тұрғыдан оңалтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.