Павлодар ауданының кәсіпкері Германияда алған тәжірибесімен бөлісті
Бұл бағдарлама қазақстандық кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыруға және шетелдік үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жиын өңірлік бизнестің дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланған алаң болды.
Отырыстың негізгі бөлігінде кеңес мүшесі, «Іскерлік байланыстар» бағдарламасының қатысушысы Әділет Резуанов Германияда өткен тағылымдамасының нәтижелерін ұсынды. Ол өз әріптестерімен құнды тәжірибесімен бөлісіп, шетелде алған білімі мен дағдыларының маңыздылығын атап өтті.
– «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылады және оның басты мақсаты – халықаралық байланыстарды дамыту, қазақстандық кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыру, сондай-ақ шетелдік үздік тәжірибелерді отандық кәсіпкерлікке енгізу. Әдлет Резуанов аталған бағдарлама аясында тағылымдамадан өткен Павлодар облысының жалғыз өкілі болды. Бұл – оның жеке жетістігі ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңір кәсіпкерлер қауымдастығы үшін маңызды оқиға, – деді ӨКП баспасөз қызметі.
Кеңес отырысы барысында кәсіпкерлікті дамытуға қосқан белсенді үлесі және кеңес жұмысына атсалысқаны үшін Мадина Жұмадиева Павлодар облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ведомствода атап өткендей, мұндай кездесулер іскерлік байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Павлодар ауданындағы бизнес ортаны жақсарту мен іскерлік ахуалды дамыту жолындағы бірлескен жұмыстың сапасын арттыруға ықпал етеді.