Павлодар емханаларында пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды
Қабылдау жүйесі бірнеше маңызды өзгеріске ұшырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар үшін бейінді дәрігерлердің қабылдауына қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Өзгерістер емханадағы артық кезеңдерді қысқартып, мамандандырылған медициналық көмекті алуды жеңілдетуге бағытталған.
3 тамыздан бастап Қазақстанда амбулаториялық жағдайда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек жаңартылған қағидалар бойынша көрсетіле бастады. Бұған дейін бейінді дәрігердің алғашқы қабылдауынан кейін пациентке талдауларға, тексерулерге немесе басқа мамандардың кеңесіне жолдама алу үшін қайтадан учаскелік терапевтке баруға тура келетін. Одан кейін ғана ол сол бейінді дәрігердің қабылдауына қайта жазылатын. Енді бұл алгоритм өзгертілді.
– Бейінді дәрігер қажетті жолдамаларды өзі рәсімдей алады. Бұл күту уақытын қысқартып, емханаға бару санын азайтады, – деп түсіндірді Павлодар қаласының медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі штаттан тыс маманы Айгүл Абылхасан.
Сонымен қатар, алғашқы жүгіну тәртібі өзгеріссіз қалды. Диспансерлік есепте тұрмайтын пациенттер бұрынғыдай алдымен учаскелік дәрігерден жолдама алуы қажет. Өзгерістер тек бейінді маманның қабылдауынан кейінгі емделу бағытына қатысты енгізілді.
Бұдан бөлек, енді дәрігердің қабылдауына жазылу 60 күн бұрын ашылады. Бұған дейін жазылу, әдетте, тек 7–10 күн бұрын ғана қолжетімді болатын.
Тағы бір жаңашылдық – пациентке «ауруы жалғасуда» мәртебесінің енгізілуі. Егер емдеу аяқталмаған болса, дәрігер учаскелік терапевтің жолдамасынсыз-ақ пациентті қайта қабылдауға өздігінен жаза алады.
Қабылдау уақытына қатысты нормативтер де өзгерді.
– Қабылдау мен кейбір диагностикалық процедуралардың, оның ішінде ультрадыбыстық зерттеудің ұзақтығы 20 минутқа дейін ұлғайтылды. Ал алғашқы қабылдау 30 минутқа дейін созылады, себебі дәрігерге науқасты қарап-тексеруге, анамнез жинауға және қажетті зерттеулерді тағайындауға көбірек уақыт қажет, – деді Айгүл Абылхасан.
Жаңартылған қағидалар емханаларға қажетсіз бару санын азайтып, бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға және мамандандырылған медициналық көмекті алу үдерісін жеделдетуге бағытталған.