Павлодар кітапханалары ел Президентінің кітаптарымен толықты

Павлодар кітапханалары ел Президентінің кітаптарымен толықты
Фото: Ұйымдастырушылардан

Өңірде ұлттық кітап күні мен кітапханашылар күні жоғары деңгейде аталып өтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қалалық және аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ облыс кітапханашылары қатысты. Жиын барысында кітаптарды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан табыс етті.

- Кітапханашы еңбегі – күнделікті қарбалас тіршілікте көзге бірден көріне бермейтін, бірақ қоғамның рухани өзегін ұстап тұрған аса қастерлі қызмет. Сіздердің үнсіз де табанды еңбектеріңіз уақытпен өлшенбейді, ол бір күннің немесе бір жылдың еншісіне сыймайды — тұтас дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы арқылы бағаланады. Кітап сөрелерінің арасында сақталған асыл қазына – ұлттың жады, халықтың рухы. Ал сол қазынаны көздің қарашығындай қорғап, оқырманға жол тартқызатын сіздер – руханияттың шырақшыларысыздар. Бүгінгі жас ұрпақтың танымы мен талғамы, білім мен парасаты, елдің ертеңгі болмысы да сіздердің еңбектеріңізбен тығыз сабақтас, - деді Медет Алпысбайұлы.

Кездесу барысында орталықтандырылған кітапхана жүйелерінің басшыларына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты баяндамалар жинағы табысталды.

Сондай-ақ, жиын барысында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен бірқатар кітапхана қызметкерлері Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жалпы, технологияның қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, кітапхана оқырмандарының қатары сиреген емес. Атап айтсақ, жыл басынан бері С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың өзіне 7 мыңға жуық оқырман келген.