Павлодар маңындағы ауылда «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ филиалы ашылды
Бұл облыста ашылған – төртінші бөлімше, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Айжан Апсаттарованың айтуынша, Ленин кентінде ақ жаулықты әжелерге жергілікті мәдениет үйінен орын бөлінген. Енді олар сол жерде бас қосып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау бойынша өз жұмыстарын жалғастыра алады.
– Бұған дейін мұндай филиалдар Ақсу қаласы мен Кенжекөлде, Баянауылда ашылған болатын. Ендігі кезекте эстафетаны Қызылжар ауылы алды. Одан кейін Екібастұз қаласы, Майқайың кенті, Баянауыл ауданының Лекер, Ақсан ауылдары дайындық үстінде, – дейді Айжан Апсаттарова.
Ленин кентінде ашылған ұйымды басқару Бақыт Муликоваға тапсырылды. Шара барысында абысындардың өзара атулығын дәріптейтін «Абысын-ажын» көрінісі қойылды.
Ұйым мүшелері жаз бойы құрт жинап, ірімшік қайнатқан. Жүн түту, сырмақ сыру, киіз басу сияқты қолөнермен айналысқан. Шебер аналар өздері дайындаған бұйымдарды паш етті.
Белсенді қатысқан аналар «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісованың атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың ішінде А.Көшербаева, Р. Бекішева, А.Абдрахманова, Ә. Сапарова, А. Баширова, Р. Ермұханова, Ж. Рахманова, К. Хамит және басқа да шеберлер бар.