Павлодар облысы Семейдің 1,5 мың түлегіне жұмыс ұсынды
Өңір делегациясы Семей медицина университетінде өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатысып, болашақ дәрігерлерді Павлодарға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков бастаған делегация студенттермен кездесіп, өңірдегі медициналық ұйымдардың тыныс-тіршілігін таныстырды. Бүгінде облыста 75 дәрігер тапшылығы сезіледі, ал биыл аталған жоғары оқу орнын 1500-ден астам маман бітіріп шықпақ.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде еңбек етіп жатқан ақ халаттылардың 70 пайызы — осы Семей медицина университетінің түлектері. Өткен жылы облыс ауруханаларына 256 жаңа маман жұмысқа қабылданған. Бұл көрсеткіш жергілікті билік ұсынып отырған әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Жас мамандарды ынталандыру үшін қомақты көтерме жәрдемақы қарастырылған. Мәселен, былтыр Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларына келген 59 дәрігерге 3,5 миллион теңгеден берілсе, ауылдық жерлерге аса тапшы мамандықтар бойынша барған 34 дәрігерге 8,5 миллион теңгеден төленді.
Ермек Кучуков бұл қолдау шаралары 2026 жылы да жалғасатынын мәлімдеді. Кездесу соңында бірқатар түлектер Павлодар облысының медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасу туралы алдын ала келісімге қол қойды.