Павлодар облысы тұз өндіруден үздіктер қатарында

Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында 728,6 мың тонна тұз өндірілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға артық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сайтының ақпараты бойынша, өндірістің жартысынан астамы Қызылорда облысына тиесілі болса (441,5 мың тонна), тұз өндіру көлемі бойынша Павлодар облысы да маңызды орынға ие болды. Өңірде 52,4 мың тонна тұз өндірілді, бұл Павлодарды елдің негізгі өндірушілерінің қатарына қосты.
Салыстыру үшін: Қарағанды облысында – 146,7 мың тонна, Атырау облысында – 66,7 мың тонна тұз өндірілген. Қалған өңірлерде көрсеткіштер 189-дан 7,4 мың тоннаға дейін құбылады.
Өңір тұздың ірі өндірушілерінің бірі болғанымен, павлодарлықтар үшін өнім бағасы ел бойынша орташа деңгейден жоғары. 2025 жылдың шілдесі қорытындысы бойынша Павлодарда бір килограмм тұздың ( «экстра» сортынан басқа) орташа бағасы 93 теңге болды. Бұл республика бойынша орташа баға – 82 теңгеден жоғары.
Салыстырар болсақ, ең арзан тұз Түркістанда (61 теңге/кг), ал ең қымбаты Алматыда (103 теңге/кг) тіркелді.
Қазақстанда тұз бағасы соңғы 13 ай бойы тоқтаусыз қымбаттап келеді. Тек 2025 жылдың шілде айында баға бір пайызға, маусымда – 1,1 пайызға, ал мамырда бірден 3,2 пайызға өскен. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде тұз 23,1 пайызға қымбаттады. Салыстыру үшін: өткен жылы бағаның жылдық өсімі небәрі 3 пайыз болған.
Отантық кәсіпорындар ішкі сұранысты толық дерлік қамтамасыз етеді. Сонымен бірге өндірілген тұздың үштен бірі шетелге экспортталады. Негізгі сатып алушы – Ресей: 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында көрші елге 305 мың тоннадан астам тұз жеткізілген. Ал Қырғызстан, Грузия және Қытай сияқты елдерге барлығы 4 пайызға жетпейтін көлем ғана жөнелтілген.