Павлодар облысы ТЖД-ның жаңа ресми өкілі тағайындалды

Павлодар облысы ТЖД-ның жаңа ресми өкілі тағайындалды
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Ақпараттық саясатты енді азаматтық қорғау аға лейтенанты Самат Қабдылов жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«112» қызметі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі лауазымына Самат Әуезұлы Қабдылов бекітілді. 

Ведомствода атап өткендей, ол 1999 жылы Павлодар облысының Успен ауылында дүниеге келген. Самат Қабдылов Ресей ТЖМ Орал мемлекеттік өртке қарсы қызмет институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алған.

Азаматтық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2022 жылы бастаған ол осы уақытқа дейін мемлекеттік өрт бақылау саласында өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді. Әсіресе, төтенше жағдайлардың алдын алу мен өрт қаупін азайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарда белсенділік танытып келеді.

Департамент басшылығы жаңа спикердің мемлекеттік өрт бақылау саласындағы практикалық тәжірибесі мен жауапкершілігі ведомствоның ашықтығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.