Павлодар облысына тұмауға қарсы вакцинаның қанша дозасы жеткізіледі?

Эпидемиологиялық маусымға дайындық қыркүйек айынан басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Негізгі басымдық – қауіп тобындағы азаматтарды вакцинациялауға беріледі.
– Біз халықтың 11–12 пайызына тұмауға қарсы екпе қоюды көздеп отырмыз. Ең алдымен, созылмалы аурулары бар балалар мен ересектерге, медицина қызметкерлеріне, жүкті әйелдерге және жабық мекемелердегі балаларға, сондай-ақ қарттар үйлеріндегі адамдарға екпе салынады, – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков аппараттық жиында.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бір миллиард тоқсан бір миллион теңге бөлінген. Вакциналар орталықтандырылған түрде «СК-Фармация» арқылы сатып алынып, олардың қабылдануын Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасының қойма қызметкерлері жүзеге асырады. Қазіргі уақытта тұмауға қарсы 80 мың вакцина сатып алынды. Сонымен қатар, жалпы сомасы 962 миллионнан астам теңгеге 18 түрлі вакциналар мен иммунобиологиялық препараттар жеткізілген.
Қазір медициналық ұйымдарда дезинфекциялық режим қатаң сақталуда: барлық үй-жайлар күніне кемінде екі рет дезинфекциялық құралдармен тазаланады, маска тағу тәртібі мен әр екі сағат сайын желдету және кварцтау талаптары орындалуда. Сонымен қатар, тұмауға қарсы негізгі дәрілік заттардың жеткілікті қоры жасақталған.
Облыстың барлық медициналық мекемелерінде ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Дәрігерлер халыққа бейспецификалық профилактика шаралары жөнінде кеңес беріп, ауру белгілерін ерте анықтау жұмыстарын қолға алған. Бұл жұмыстар әсіресе жүкті әйелдер, бір жасқа дейінгі сәбилер, жүрек пен өкпе ауруларына шалдыққан науқастар мен егде жастағы тұрғындар арасында қарқынды жүргізілуде.
Еске сала кетейік, өткен жылы тұмауға қарсы 90 мың вакцина сатып алынған еді.