Павлодар облысындағы «Ертіс толқыны» жобасын жаңартулар күтіп тұр
Енді қатысушыларды байқау негізінде іріктеп алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл алғаш рет жүзеге асқан «Ертіс толқыны» аймақтағы барлық жастар бастамаларын дамыту орталықтарын қамтыған ауқымды жоба болды. Іс-шараның негізгі локациясы орталық жағалаудың төменгі жағы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осы орын жаз мезгілінде жастар ең көп жиналатын кеңістікке айналады.
Жаз мезгілінің үш айын қамтыған бағдарлама бірнеше бағытты қамтыды. Бірінші күні салауатты өмір салтын насихаттау, екінші күнде ашық аспан астындағы консультациялар, үшінші күні жастарға арналған ойын-сауық және шығармашылық іс-шаралар өтті.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, келесі жылы да «Ертіс толқынын» жалғастыру жоспарланып отыр. Ол биыл барлық белсенді аудандарға тек Алғыс хаттар табысталғанын атап өтіп, алдағы жылы қаржылай қолдау енгізуді көзделуде екенін алға тартты. Осылайша облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесіп, қатысушыларды байқау негізінде іріктеп алатын болады.
– Бұл жылы іс-шаралар достық атмосферасында өтті. Ал келесі жылы аздап бәсекелестік рухын қоссақ дейміз. Әр аудан өзіне тән ерекше фишкаларды алып келуі шарт. Жастар заманымен бірге дамып келе жатқандықтан, қорытынды форматты онлайн дауыс беру арқылы анықтау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, – деді ол.
Оның сөзінше, басты мақсат – 3-4 күндік іс-шара барысында мүмкіндігінше көп жасты қамту, ал негізгі критерийлер – идеяның жаңашылдығы, аудиторияны тарту және жастар арасындағы өзара байланыстың болуы.
Еске сала кетейік, биылғы жылы «Көрермендер көзайымы» номинациясы Ертіс, Шарбақты, Железин және Аққулы аудандарына берілген еді. Ал «Ұлттық құндылықтарды насихаттау» бағытында – Ақтоғай мен Май аудандары топ жарды.