Павлодар облысында «Қауіпсіз үй» профилактикалық рейді өтеді
Екі күн бойы полицейлер профилактикалық есепте тұрған азаматтар мен қолайсыз отбасыларды тексереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 31 шілде мен 1 тамыз аралығында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық есепте тұрған адамдарды, қорғау нұсқамасы шығарылған және мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген азаматтарды, сондай-ақ қолайсыз отбасыларды тексереді.
Негізгі мақсат – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сот белгілеген шектеулердің сақталуын бақылау, қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету.
Сонымен қатар тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін көзделген жауапкершілік және жәбірленушілерге көрсетілетін құқықтық көмек туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Полиция департаменті тұрғындарды құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе өзге де заң бұзушылықтар туралы ақпарат болса, 102 арнасына хабарлауды сұрады.