Павлодар облысында қысқы дайындықта климаттың өзгеруі ескеріледі
Бұл әзірлікті күшейтуге мәжбүрлейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында соңғы жылдары қыс мезгілі жұмсарғанымен, жол қызметтері мен құтқару бөлімшелері қысқы қауіп-қатерлерге дайындықты бәсеңдетпейді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Қизат Жақыповтың айтуынша, бүгінде қысқы жұмыстарға арналған 118 арнайы техника дайын. Автопарк жаңартылып, жолдарды күтіп-ұстауға қажетті материалдар әзірленген.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаев климаттың өзгеруі қауіпсіздік шараларын әлсіретуге негіз болмайтынын атап өтті.
- Дұрыс айтасыз, климат жылдан жылға өзгеріп жатыр. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда көлік саны көбейді, қозғалыс қарқындылығы өте жоғары. Жол жағдайы да үлкен жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Сондықтан жолдарды уақытылы тазартпаса, жол-көлік оқиғалары болуы мүмкін. Жұмысты, техниканы және күштерді азайтпауымыз керек. Керісінше, әртүрлі жағдайға дайын болуымыз қажет, – деді Думан Қыдырмоллаев.
Оның айтуынша, соңғы жылдары мұз бен қардың қалыңдығы азайған. Сонымен қатар құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып келеді. Былтыр мұз үстінде жүруге арналған әуе жастықшалы қайық сатып алынған.
Айта кетейік, дайындық барысында жолдардың бойындағы шөп шабу, бұталар мен ұсақ ағаштарды тазарту, шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін 572 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды, 6,3 мың шақырым жолға таңба түсірілді, 77 стробоскоп орнатылды.