Павлодар облысында кейбір әкімдер демалыссыз қалуы мүмкін
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста аймақ басшысы Асайын Байханов бірқатар әкімдерге ескерту жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 15 ауылды жаңғырту жүргізілуде, тоғыз миллиард теңгеден астам сомаға 56 жоба іске асырылуда. Қосымша 900 миллион теңге салынды.
– Бірінші жартыжылдықта 2,1 миллиард теңге немесе жылдық көлемнің 23% игерілді. Үш жобаны іске асыру аяқталды, 47 жоба аяқталуға жақын және алты жоба бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ. Бұл – Алғабас ауылындағы мәдени-демалыс орталығының, Құндыкөл ауылындағы жарықтандыру желілерінің құрылысы, сондай-ақ Еңбек, Ертіс және Панфилов ауылдарындағы көшелерді жөндеу бойынша төрт жоба, – деп хабарлады Ирина Назарчук.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов Алғабас ауылындағы мәдени-демалыс орталығының құрылысы республикалық бюджеттен трансферттер әлі түспегендіктен басталмағанын айтып, жұмыстарды биыл аяқтауға уәде берді. Бұл барлық соманың 80 пайызы – 433 миллион теңге.
Облыстық бюджеттен аванс төленген, бұл қаржыға мердігер геодезиялық жұмыстар жүргізіп, құрылыс материалдарын сатып алған.
Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылында да дәл осындай жағдай орын алған. Республикалық бюджеттен қаражат болмаған соң аудан әкімі Ардақ Кісентаев мердігермен жұмыстарды шілде айында бастау туралы ауызша келісім жасасқан.
Ертіс ауданының Панфилов ауылында көшелерге асфальт төсеуде қиындықтар туындаған. «Нұрал» ЖШС және «Элит Строй» МКК» ЖШС екі мердігерлік ұйымымен шарт жасалған, алайда соңғы ұйым төрт көше бойынша жұмысты бастамаған. Орындау мерзімі – 2024 жылғы маусым. Аудан әкімі Болатбек Шәріпов әкімдіктің сотқа жүгінгенін хабарлады. Шешім шығарылғаннан кейін төрт көше бойынша қайтадан байқау жарияланады.
– Сіз жөндеуді қыркүйек айында жаңбыр кезінде жасайтыңызды айтқыңыз келе ме, – деді Асайын Байханов. – Кейбір әкімдер демалысқа жиналып жатқан көрінеді. Жұмысты аяқтағанға дейін ешқандай демалыс жоқ. Әкімдердің әрқайсысы барлық объектілердің іске асырылуын қатаң жеке бақылауында ұстауы тиіс.
Аймақ басшысы барлық проблемалық объектілер бойынша тізім жасауды, аппаратқа олардың іске асырылуын қатаң бақылауда ұстауды және жұмыстардың орындалу барысын үнемі тексеруді тапсырды. 2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 88 ауылда 137 мың адамның жағдайы жақсарды. Өткен жылы 26 ауыл жаңғыртылды, 85 нысан жаңартылып, салынды, оның 11-і биылғы жылы аяқталады.