Павлодар облысында 10 мыңнан астам оқушы көмек алады
Қолдау әлеуметтік осал санаттағы балаларға қаржылай беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға материалдық көмек көрсетіледі.
2026–2027 оқу жылы қарсаңында 10 мыңнан астам бала қолдауға ие болмақ. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттерден 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
— Бір балаға берілетін көмектің мөлшері – 62 534 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,5%-ға жоғары, - дейді облыстық білім басқармасындағылар.
Материалдық көмек келесі санаттағы балаларға беріледі:
– мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына;
– мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына;
– жанұяда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
– төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына;
– білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына көрсетіледі.
Қаржылай көмекті алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер оқушының білім алатын білім беру ұйымына, сондай-ақ аудандық және қалалық білім бөлімдеріне жүгінуі қажет.