Павлодар облысында 51 мыңнан астам волонтер бар

Павлодар облысында 51 мыңнан астам волонтер бар
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысындағы еріктілер қозғалысы бүгінде қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Өңірде қазіргі таңда 51 мыңнан астам волонтер белсенді жұмыс атқаруда. Бұл туралы Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыс бойынша 86 еріктілер ұйымы және 415 бастамашылық топ тіркелген. Бұл топтар түрлі экологиялық, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттарында жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе жастардың белсенділігі жоғары — еріктілердің басым бөлігі 16 жастан асқан студенттер мен мектеп оқушылары.

Биыл Павлодар облысында волонтерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Железин және Успен аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында еріктілер қозғалысын қолдауға 400 мың теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы қаражат негізінде түрлі акциялар мен жобалар ұйымдастырылуда.

Жыл басында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен халықаралық еріктілер жылының салтанатты ашылуына Павлодар өңірінен 10 делегат қатысқан. Солардың қатарында Баянауылдық эковолонтер Бауыржан Жақыпов да болды. Ол аққуларды құтқару акциясы арқылы республика көлеміне танылып, экологиялық волонтерліктің жарқын үлгісіне айналған.

Сонымен қатар, маусым айында облыста инклюзивті бағыттағы халықаралық жастар форумы өтеді. Ал жыл соңында, 5 желтоқсанда, Халықаралық волонтерлер күніне орай белсенді еріктілерді марапаттайтын ауқымды қорытынды шара ұйымдастыру жоспарланған.

Жаннұр Ахметжанованың сөзінше, волонтерлік — ең алдымен жақсылық жасау мәдениеті. Бүгінде өңірде еріктілер қатарына қосылғысы келетін кез келген жасқа мүмкіндік ашық. Еріктілер қозғалысының жұмысы облыстық фронт-офис арқылы үйлестіріледі.