Павлодар облысында ақшасын қайтарып алған ауыл тұрғыны полицейлерге алғыс айтты
Ұрлық фактісі бойынша күдікті анықталып, жәбірленушіге келтірілген шығын толық өтелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын Денис Тиссеннен бейнеалғыс келіп түсті. Ол ұрлық қылмысын ашқан полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірген.
Тимирязев ауылындағы тұрғын үйден белгісіз адамдар ақшалай қаражат ұрлап кеткен. Жәбірленуші бірден полицияға жүгініп, құқық қорғау органдары іздестіру жұмыстарын бастаған.
– Өтінішімді қабылдағаннан кейін полиция қызметкерлері дереу жұмысқа кірісті. Тергеуші мен жедел уәкілдің үйлесімді әрекеттерінің арқасында қылмысқа қатысы бар адам қысқа мерзімде анықталды. Ұрланған барлық ақша маған толықтай қайтарылды, – дейді Денис Тиссен.
Тұрғын аға тергеуші, полиция майоры Мақсат Дүйсембаев пен аға жедел уәкіл, полиция капитаны Мейрам Темірбековтің жұмысына ерекше алғыс білдірген.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, азаматтардан келіп түсетін осындай алғыс хаттар мен бейнеүндеулер құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін маңызды қолдау болып табылады.