Павлодар облысында ауылдық мектептердегі оқыту сапасын арттыру мәселесі көтерілді

Павлодар облысында ауылдық мектептердегі оқыту сапасын арттыру мәселесі көтерілді

Педагогтер интерактивті тапсырмалар әзірлеу тәсілдерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында ауылдық білім беру жүйесін дамытуға және педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға бағытталған «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» семинар-тренингі өтті. Бұл жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Ауыл» партиясының және Павлодар облысы әкімдігінің бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде Қазақстанның тұрақты дамуы ең алдымен мықты, интеллектуалды әрі адал ұрпақ тәрбиелеуге тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен. Президенттің айтуынша, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту, жауапкершілігі жоғары, әділетті және еңбекқор азамат қалыптастыру — білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты.

Семинар жұмысына ауыл мектептерінің басшылары мен педагогтері, ата-аналар комитеттерінің өкілдері, облыстық және аудандық білім басқармаларының мамандары, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.

– Іс-шара бастау алған сәтте Павлодар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова ауыл мектептеріндегі педагогтердің еңбегіне ерекше тоқталып, семинардың ауылдық білім сапасын арттыруға қосатын үлесін атап өтті. «Ауыл мұғалімі – ел ертеңін қалыптастыратын негізгі тұлға. Бүгінгі басқосу ұстаздардың кәсіби дамуына жаңа серпін береді», – деді ол.

ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Айгерім Сарсенбаева өз сөзінде іс-шараның ұлттық комиссия ұстанымдарына толық сәйкес келетінін айтты. 

–  Ауыл мектебі – ауылдың болашағы. Балалардың сапалы білім алуы – барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деді ол.

«Ауыл» партиясы Орталық аппаратының Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің директоры Еламан Елемес ауылдағы білім сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстың жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, семинар ауыл мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа білім беру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

Пленарлық отырыс барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, білім саласының сарапшысы Руслан Қаратабанов «Адал азамат» тұтас тәрбие бағдарламасы негізінде құндылыққа бағытталған білім берудің тиімді жолдарын таныстырды. Ал Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Алмагүл Мукушева «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталды.

Секциялық жұмыс спикерлердің мазмұнды баяндамаларымен жалғасты.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Эльмира Әлиева балалардың интернет пен компьютерлік ойындарға тәуелділігінің алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың ғылыми негіздерін ұсынды.

Астана қаласы №4 мектеп-гимназиясының мұғалімі, педагог-зерттеуші Айнұр Аужанова жасанды интеллектті сабақта тиімді қолдану және VibeCoding әдісі арқылы интерактивті тапсырмалар әзірлеу тәсілдерін көрсетті.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты, «Ауыл» партиясы сарапшысы Тойжан Омарова ауыл мұғалімдері мен түлектерінің халықаралық білім бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктеріне тоқталды.

«ТС» компаниялар тобының негізін қалаушы София Абдуразакова ауыл мектептеріндегі негізгі проблемалар мен икемді басқару әдістерін ұсынды.

Семинар соңында қатысушылар ауыл мектептерін дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарымен бөлісіп, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар тәжірибелік ойлар ортаға салынды. Іс-шара ауылдық білім сапасын жақсартуға бағытталған диалог пен ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды.

Семинар-тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі және ұзақ мерзімді қолдау қажеттігі жөнінде ортақ ұстаным қалыптастырды.