Павлодар облысында автокөліктердің көбі Ресей мен Қырғызстаннан әкелінген

Павлодар облысында автокөліктердің көбі Ресей мен Қырғызстаннан әкелінген
Фото: Константин Шелков

Биылғы жылдың 12 шілдесіндегі жағдай бойынша  облыс  бойынша қазақстандық есепке 7 952 шетелдік автомобиль қойылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы  облыстық  полиция департаменті  бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров шетелдік автомобильдерді заңдастыру туралы Zoom  платформасында өткен брифингте мәлім  етті.

– 2023 жылдың 23 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін өңірде автомобильдерді заңдастыру жүзеге асырылды.  Ағымдағы жылдың 12 шілдесіндегі жағдай бойынша  облыс  бойынша қазақстандық есепке 7 952 шетелдік автомобиль қойылды. Тағы 1016-дан астам автомобиль нөмірлік агрегаттарды салыстырып тексеруден өтіп, тіркеуін  күтуде.  Азаматтарға заңдастырудың шарттары мен мерзімдері туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан,  аталған мерзімге дейін көптеген автомобильдер басқа елде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмағандығына байланысты заңдастырылмаған күйінде қалады, – дейді Жасқайрат Қайыров.

Спикердің сөзінше, автокөліктердің  көбі  Ресей Федерациясы мен Қырғызстаннан әкелінген. Жария ету аяқталғаннан кейін мұндай автомобильдердің иелері автосақтандыру полисін ұзарта алмайды және жаңаларын ресімдемейді. Осылайша, Қазақстан аумағының  жолдарында өз көліктерін пайдалануға мүмкіндігі болмайды.

–   Жол қозғалысы туралы Қазақстан Республикасының Заңы да өзгерді. Осыған дейің  52-баптың 8 тармағы болса,  9 тармақпен толықтырылды. Яғни, көлік құралдары басқа мемлекеттердің есебінде тіркелген жағдайда  тоқтатуға және тексеруге құқығымыз бар.  Егер  шетелдік азамат болса, онда халықаралық жол қозғалысына қатысушы болып саналады және оған қатысты ешқандай сұрақтар туындамайды. Сақтандыру шарттары болмаған жағдайда 230-баптың екінші тармағы бойынша жауапқа тартылады. Бірінші ескерту жасалады, екінші жағдайда  10 айлық есептік көрсеткіш негізінде айыппұл салынып,  көлік құралы тоқтатылады. Бұл шаралар заңдастырудан өтпеген автомобильдерге қатысты, – деп атап өтті Жасқайрат Қайыров.

Оның айтуынша, егер Қазақстан азаматтары автокөліктерді  елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда көлік құралын тіркеу туралы куәлікті және ҚР мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін тапсыруы тиіс. Бұдан кейін оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі қайтарылады.

–  Іздеуде тұрған көліктерді қоспағанда Еуразиялық экономикалық одақтан әкелінген көліктердің барлық құжаттары  болуы керек.  Бұл тұрғыда салық кодексіне сәйкес, қазақстандықтар көлік құралын тіркеуге, мемлекеттік нөмірлерді алуға 15 мың теңгеге жуық соманы төлейді.  Ел азаматтары кейіннен аталған автомобильдерді шет мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарса, онда олар жария ету шарттарымен Қазақстанда бастапқы есепке қойылуы мүмкін, –  деді  облыстық полиция департаменті  бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және заңдастырудан өтпеген автомобильдерді  5 жыл мерзімге уақытша есепке алу рәсімі бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.