Павлодар облысында БАҚ-тағы ақпарат негізсіз жоғары бағамен сатып алынған

Павлодар облысында БАҚ-тағы ақпарат негізсіз жоғары бағамен сатып алынған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бюджет қаражаты 180 млн теңгеге үнемделді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс прокуратурасының мәліметінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын қызметтердің базалық бағаларын бекіткен. Мәселен, ақпараттық материалды газетке орналастыру бағасы (1 шаршы см үшін) 400 теңгені, интернет-ресурстарда орналастыру үшін (1 таңба үшін) 38 теңгені, теледидарда бір минут үшін 39 500 теңге мөлшерін құрайды.

Дегенмен облыстың ақпарат және қоғамдық даму басқармасы аталған қызметтерді негізсіз жоғары бағамен сатып алып отырған. Мысалы, газеттерде орналастырған үшін құны 3,5 есе (бағасы 1447 теңге), интернет-ресурстарда 7 есе (270 теңге), теледидарда 16 есе (633 862 теңге) қымбаттатылған, – дейді прокуратурада. 

Прокурорлық ден қою шараларымен БАҚ қызметтерінің базалық бағасы қайта қаралды, бюджет қаражаты 180 млн теңгеге үнемделді, лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жазаға тартылды.