Павлодар облысында бастауыш сынып оқушыларына QR арқылы тамақ беріледі

Смартфоны жоқ балалар қағазға басып шығарылған бірегей кодты ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба азаматтардың мемлекеттік қолдау шараларын алуын жеңілдетуге бағытталған.
– Қазіргі таңда әлеуметтік осал топтарға жататын 5-11-сынып оқушылары мен 1-4- сынып оқушыларына тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жобасы іске асырылып жатыр. Ата-ана E-gov mobile қосымшасы арқылы өз баласына арналған тегін ыстық тамақ ваучерін белсендіре алады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Ата-аналарға арналған ваучерді белсендіру алгоритмі:
1. Ата-аналар смартфонға E-gov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, орнатуы қажет.
2. Қосымшадағы «Әлеуметтік әмиян», «Ыстық тамақ» бөлімін тауып, баласының атына ваучерді активация жасау керек.
3. Ваучерді активация жасағаннан кейін, әр балаға қосымшада бірегей QR-код беріледі. Бұл кодты балаға жіберу керек (бала смартфон пайдаланса – телефонға, пайдаланбаса қағазға басып шығару арқылы).
Жоба екі құрал арқылы іске асырылады. Біріншіден 700-ден астам оқушысы бар мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) орнатылды. Балалар асханаға баруын мектептен берілген пластикалық карта арқылы немесе оқушыларға арналған тегін жол жүруге арналған Avtobys көлік картасы арқылы тіркей алады.
Ал 700-ден аз оқушысы бар ауылдық мектептерге арналған тегін «Бизнес әмиян» мобильді қосымшасы қосылады. Мұнда бала QR-кодты сканерлеу арқылы тіркеледі.
Бүгінгі таңда 102 мектепке АБК орнатылған, оның ішінде 68-і қалалық, 33-і аудандық мектептер. Ал «Бизнес әмиян» қосымшасына 239 мектептің барлығы қосылған.
Осылайша, ата-аналар күн сайын баласының тамақтанғаны туралы хабарлама алып отырады. Балалардың тамағына ақы білім беру бөлімдері нақты тұтыну фактісі бойынша төлейді, бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Аталмыш жоба ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 82-тармағын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.