Павлодар облысында ең қауіпті шомылу орындары аталды

Павлодар облысында ең қауіпті шомылу орындары аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаз қызығына түскен тұрғындар үшін су жағасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Суға тыйым салынған жерлерге 240 арнайы белгі және 18 ескерту баннері орнатылды. Павлодар қаласындағы 45 тыйым салынған орында QR-кодтар қойылған. Аталған QR-кодтар арқылы демалушылар су айдынының тереңдігі, ағысы және қауіпі жайлы ақпарат ала алады.

– Екі адамның өмірі біздің ерікті құтқарушылардың арқасында сақталып қалды. Қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ. Жағажайларда құтқарушылар әр екі сағат сайын бақылау жүргізуде, – деді Ерлан Қасымов.

Қазіргі таңда 47 жағажайдың 41-і жұмыс істеп тұр, ал 6 жағажай судың тартылуына байланысты уақытша жабылған. Ең қауіпті орын – шомылуға рұқсат етілмеген аумақтар болып саналады. 

– Әсіресе Кенжекөл аумағында тұрғындар көбіне ескерту белгілеріне қарамастан суға түседі. Мұндай жағдайлардың басты себебі  ішімдік ішу мен есірткі қолдану, – деді Ерлан Қасымов.

Суға түсу – жаздың көркі. Алайда әр азамат өз қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы қажет. Рұқсат етілмеген аумақтарға суға түспей, қауіпсіздік талаптарын сақтау, әрбір тұрғынның өмірін сақтап қалудың кепілі.

Еске сала кетейік, облыс әкімінің қаулысымен биыл 47 ресми суға шомылу орны бекітілген, оның ішінде 27-сі коммуналдық, 20-сын жеке тұлғалар пайдаланады. Сонымен қатар, 128 жерде шомылуға тыйым салынған.