Павлодар облысында экономиканың оң динамикасы сақталуда
Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Жүнісбаева қысқамерзімді экономикалық индикатор 107,5 пайызды құрағанын айтты.
– Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өндірісі 0,4 пайызға өседі деп күтілуде. Негізгі капиталға 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр, өсім 2,1 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласында төрт айдың қорытындысы бойынша 4,6 пайызға өсім болжануда. Ішкі сауда көлемі 110 пайызға дейін артады. Құрылыс саласында, басқарма бағалауынша, өсім 11,9 пайыз болады, – деді Сәуле Жүнісбаева.
Сондай-ақ, шамамен 70 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға жоғары.
Оның айтуынша, көлік және байланыс салаларында өсім тиісінше 104 және 100 пайызды құрайды. Алайда бірінші тоқсан қорытындысы бойынша байланыс саласындағы көрсеткіш 5,1 пайызға төмендеген. Бұған келісімшарттарды қайта рәсімдеу және баға дефляторының өсуі себеп болған. Төрт ай ішінде көрсеткішті 100 пайыз деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.
– Негізгі индикаторлар бойынша оң динамика Павлодар қаласында, сондай-ақ Железин және Май аудандарында қамтамасыз етілді. Бұл аумақтарда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында жоғары нәтижелер тіркелді. Павлодар, Баянауыл, Ақтоғай аудандары мен Тереңкөл ауданында төрт көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Дегенмен, бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, өнеркәсіп және құрылыс салаларында төмендеу тәуекелдері сақталып отыр, – деп атап өтті Сауле Жүнісбаева.
Қалалар мен аудандар бөлінісінде өнеркәсіп саласындағы төмендеу тәуекелдері Ақсу және Екібастұз қалаларында байқалады. Павлодар ауданында инвестиция тарту көрсеткішінің төмендеуі күтілуде. Құрылыс саласында қолданыстағы дефляторды ескере отырып, Ақтоғай, Баянауыл, Павлодар және Шарбақты аудандарында тәуекелдер анықталған.
Жыл ортасына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы көрсеткіштерді қайта есептейтінін, соған байланысты деректер өзгеруі мүмкін екені атап өтілді.
Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев кейбір көрсеткіштердің төмендеу себептерін түсіндірді.
– Тоқсан қорытындысы бойынша Павлодар ауданында инвестиция көлемі 1,7 миллиард теңгені құрады. Жалпы сомасы 14 миллиард теңге болатын төрт жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылды, бұл 165 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ірі жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысы, оның бір бөлігі аудан аумағында орналасқан, – деді Дидар Ибраев.
Облыс әкімі Асайын Байханов өңір экономикасы жалпы алғанда тұрақты дамып, оң динамика көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол жергілікті деңгейде жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, проблемалық көрсеткіштер бойынша дер кезінде шара қабылдау қажеттігін айтты.