Павлодар облысында ерекше балалар саны артып келеді
Бүгінде аймақта ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектепке дейінгі 1212 бала тіркеуде тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы білім беру бөлімі басшысының м.а. Жанат Асаинованың айтуынша, мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл сайын 100 балаға артып келеді.
– Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия ақпаратына сәйкес 1212 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде 521 бала арнайы балабақшалармен қамтылған. Ал жалпы білім беретін балабақшаларға 200-ден астам бала барады, яғни олар инклюзивті жалпы білім беретін балабақшада білім алуға және дамуға құқылы, – деді Жанат Асаинова.
Оның сөзінше, бұл тек ата-ананың өтініштері бойынша тіркелген балалар. Яғни, ПМПК өздігінен жалпы санын анықтауға құқығы жоқ. Ата-аналар өтініш жазғаннан кейін балаларды тексеріп, оқу бағдарламасын белгілеп, есепке алады.
– Ерекше балалардың басым бөлігі – сөйлеу қабілеті бұзылған, тілі кеш шыққан, ақыл-ойы кем балалар. Алдағы уақытта жалпы білім беретін бір балабақшаны логопедтік орталыққа ауыстыру жоспарланған, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінде 400-ге жуық бала логопедтік арнайы балабақшаға кезекте тұр.