Павлодар облысында квазимемлекеттік сектордың жұмысы назарға алынды

Павлодар облысында квазимемлекеттік сектордың жұмысы назарға алынды
Фото: жи

Мониторинг кезінде бәсекелестікке кедергі келтіретін деректер тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде заң талаптарының сақталуына қатысты бірқатар мәселе анықталды.

Облыс бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Әділет Мұрсаловтың айтуынша, кейбір ұйымдар антимонополиялық органның келісімінсіз жұмыс істеген. Сондай-ақ заңнамада қарастырылмаған бағыттарға барған. Осыған байланысты 15 нұсқама шығарылды.

– Мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бәсекелестік нарықтарға негізсіз араласуы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тең емес жағдай қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – мемлекеттік қатысуы бар ұйымдардың заңда белгіленген қызмет шеңберінен шықпауын қамтамасыз ету, – деді ол.

Берілген нұсқамалардан кейін ұйымдардың жарғыларына өзгерістер енгізілді. Құжаттардан қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды шығару, ұстау, пайдалану, жөндеу және реконструкциялау сияқты қызмет түрлері алынып тасталды.

Сондай-ақ жер қазу және тиеу жұмыстары да жарғылардан шығарылды. Департамент бұл бағыттардың бәсекелестік нарыққа жататынын атап өтті. Сондықтан аталған қызметтерді жеке кәсіпкерлік субъектілері атқаруы тиіс.

Бұдан бөлек, ведомство тауар биржаларындағы сауда тәртібінің сақталуын бақылауда. Жыл басынан бері белгіленген талаптарды бұзудың 34 фактісі анықталды.

Атап айтқанда, биржалық тауарлар тізіміне кіретін картоп пен цементті биржадан тыс өткізу жағдайлары тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, мұндай әрекет үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.

Аталған деректер бойынша әкімшілік істер қозғалды. Нарық субъектілері жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы көлемі 8 миллион теңгеден асты.

Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қатысуы бар ұйымдардың жұмысына талдау жүргізеді. Бәсекелестік ортаға кері әсер ететін фактілердің жолын кесуге бағытталған шаралар жалғасады.