Павлодар облысында мұрагерлер меншік құқығын қалай рәсімдей алады?

Павлодар облысында мұрагерлер меншік құқығын қалай рәсімдей алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мүлік иесінің көзі тірісінде жылжымайтын мүлікке меншік құқығының мемлекеттік тіркеуден өтпеуі мұрагерлер үшін кедергі болмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалында мұндай жағдайларда жылжымайтын мүлікті рәсімдеуді қалай аяқтауға болатынын түсіндірді.

– Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мәселесі өзекті болып қала береді: 2025 жылдың өзінде Павлодар облысында жылжымайтын мүлікке 108 788 құқық тіркелген. 2026 жылдың жеті айында бұл көрсеткіш 57 827 жетті. Сонымен қатар, іс жүзінде мүлікті сатып алғанын растайтын құжаты болғанымен, меншік құқығы белгіленген тәртіппен тіркелмеген жағдайлар кездеседі. Меншік иесі қайтыс болғаннан кейін бұл рәсімді мұрагерлері аяқтай алады, – деді облыстық филиалда.

Қазақстанда жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу 1997 жылдан бастап міндетті болып табылады. Егер меншік иесі көзі тірісінде өз құқығын тіркеп үлгермесе, мұрагерлер алдымен нотариусқа жүгініп, мұрагерлік істі ашуы қажет.

Алты ай өткеннен кейін нотариус мүліктік емес құқыққа куәлік береді. Осы құжаттың негізінде жылжымайтын мүлікті қайтыс болған меншік иесінің атына тіркеуге мүмкіндік пайда болады. Бұдан кейін құжаттарды ХҚКО ұсыну қажет. Олардың қатарында мүліктік емес құқық туралы куәлік және жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжат, мысалы, сатып алу-сату шарты болуы тиіс.

–  Мемлекеттік корпорация құжаттарды қабылдап, мемлекеттік тіркеуді жүргізу үшін тіркеуші органға жолдайды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі: үш жұмыс күні, жеделдетілген тәртіпте: бір жұмыс күні. Мемлекеттік баж қолданыстағы тарифтерге сәйкес төленеді және жылжымайтын мүлік объектісінің түріне байланысты болады, – деді филиал мамандары. 

Мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін мұрагерлер нотариусқа қайта жүгінуі қажет. Тіркелген құқықтың негізінде нотариус мұраны рәсімдеп, жылжымайтын мүлікті электрондық форматта мұрагердің атына тіркейді.

Мемлекеттік корпорацияда меншік иесінің көзі тірісінде меншік құқығының тіркелмеуі өздігінен мұрагерлердің жылжымайтын мүлікті мұраға алу мүмкіндігінен айырмайтынын атап өтті. Құқық белгілейтін құжаттар болған және белгіленген рәсім сақталған жағдайда жылжымайтын мүлік тиісті тәртіппен тіркеліп, мұрагерге берілуі мүмкін.