Павлодар облысында мыңнан астам адам ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды
Құқық бұзушылардың қатарында қоғамдық орындарды ластаған тұрғындар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесінде тұрғын темекі тұқылын тротуарға тастап, қоғамдық орынды ластаған. Бұл құқық бұзушылықты байқап қалған тұрғындар полицияға хабарлаған. Ал тағы бір павлодарлық қоқыс салынған пакетті арнайы контейнерге апармай, белгіленбеген жерге тастаған. Екі жағдайда да құқық бұзушыларға айыппұл салынды.
Ведомствода атап өткендей, ұсақ бұзақылық қоғамдық орындарда былапыт сөз айту, қорлап тиісу, бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе қоғамға құрметсіздік танытатын өзге де әрекеттерді қамтиды.