Павлодар облысында онкологияға шалдыққандар саны артып барады

Павлодар облысында онкологияға шалдыққандар саны артып барады

Дәрігерлер тұрғындарды скринингтен уақтылы өтуге шақыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биылғы жылдың бес айдың қорытындысы бойынша облыста онкологиямен сырқаттанушылар көрсеткіші 100 мың адамға 339 жағдай тіркелді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің аппараттық жиналысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов мәлімдеді. 

– Онкологиялық ауруға шалдыққандардың саны былтырғымен салыстырғанда 10% -ға өсті. Онкологиялық диспансерде есепте 12 962 пациент тұр. Оның ішінде 3681адам жазылды, – дейді Айдар Сейітқазинов.

Статистика бойынша облыста колоректальды қатерлі ісікпен ауыруы бірінші орында– 12,5%, содан кейін сүт безінің қатерлі ісігі- 12,1%, таралу бойынша үшінші орында өкпе қатерлі ісігі- 10,1% және жатыр мойны қатерлі ісігі-4,7% тұр. 

Асайын Байханов өңірдегі экологиялық жағдайдың нашарлығы салдарынан пайда болатын онкологиялық аурулардың алдын алу мәселесін қадағалау керектігін айтты. Бұл ретте облыс әкімі білікті мамандарды әзірлеу керектігіне баса көңіл аударды.

– Денсаулық сақтау мекемелерін материалдық базамен қамтамасыз ету ол біздің басты міндеттердің бірі. Біз дерттің алдын алуын максималды ерте сатысында анықтау үшін  бүкіл күшімізді жұмсауымыз қажет, – дейді облыс әкімі. – Ол үшін жаңадан медициналық жабдық қажет.  Ауруханалар салу, жабдықтауды жаңарту ол ең басты мәселе болып табылмайды. Назар аударатын -бұл кадрлар мәселесі.

Бүгінгі таңда облыстық онкодиспансерде 66 дәрігер жұмыс істейді. 

– Біздің дәрігерлеріміздің санаттылығы жоғары көрсеткіштерге ие: жалпы практика дәрігері 96%, ал медбикелер 94%, – деді Павлодар облыстық онкодиспансердің директоры Мұрат Сүлейменов.– Алайда жалпы дәрігерлердің біліктілігі өте нашар деңгейде екенін өзім көріп жүрмін. Сол себептен біз оларды ай сайын оқытамыз. 

Сондай-ақ, Мұрат Сүлейменов Павлодар облысының онко жағдайын Ресеймен салыстырды. 

– Егер бізде 100 мың адамға 329 жағдай тіркелсе, Ресей елінің Омбы, Алтай облыстарында 500-ден аса жағдай байқалады, – дейді спикер. 

Онкодиспансердің бас дәрігерінің пікірінше,  облыстағы онкологиялық жағдайдың жақсаруы тұрғындардың скрининг пен үздіксіз қаралуына байланысты болып отыр. Асайын Байханов бұл мәселенің қадағалауын денсаулық сақтау басқармасына тапсырды.

Фото: Константин Шелков