Павлодар облысында референдум штаттық режимде өтті: тұрғындардың белсенділігі жоғары

Павлодар облысында референдум штаттық режимде өтті: тұрғындардың белсенділігі жоғары
Фото: автор

Референдум комиссиялары дауыс санын есептеуге кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында өткен республикалық референдум тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтті. Барлық сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі сағат 20:00-де жабылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өңірде дауыс беруге келген азаматтардың белсенділігі жоғары болды — сайлаушылардың 70 пайыздан астамы өз таңдауын жасады.

Облыс бойынша барлығы 535 сайлау комиссиясы жұмыс істеді: оның ішінде бір облыстық, 14 аудандық және қалалық комиссия, сондай-ақ 521 учаскелік комиссия. Дауыс беру процесі заң талаптарына сай ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етілді.

Перзентханада да дауыс беру ұйымдастырылды

Павлодардағы перинаталдық орталықта орналасқан №595 жабық сайлау учаскесінде жүкті әйелдер мен босанған аналар дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Учаскелік комиссия төрайымы Тимербига Нәскенованың айтуынша, дауыс беру тыныш әрі ешқандай бұзушылықсыз өткен.

– Біздің сайлау учаскесінде жүкті әйелдер мен босанған аналар дауыс берді. Барлығы 54 адам қатысып, референдумға өз таңдауларын жасады. Учаске таңғы сағат 7:00-де ашылып, барлық жұмыс жоспар бойынша өтті. Комиссия құрамында тәжірибесі бар медицина қызметкерлері бар, – деді ол.

Дауыс берушілердің бірі Жарқын Қамышкенова 8 наурыз күні босанып, соған қарамастан референдумға қатысқанын айтты.

– Мен үшін референдумға қатысу маңызды болды. Бұл біздің болашағымыз үшін жауапты қадам деп есептеймін. Дауыс беру маған үлкен қуаныш сыйлады, – деді ол.

Учаскелерде барлық жағдай жасалған

№7 жалпы орта білім беру мектебінде орналасқан сайлау учаскесінде де дауыс беру қалыпты жағдайда өтті. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус пен қажетті жағдайлар қарастырылған.

Белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Ақмарал Сағынбекова да референдумға қатысып, өз пікірін білдірді.

– Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Халықтың белсенділігі қуантады. Көптеген павлодарлықтар ұлттық киім киіп келіп, өз таңдауларын жасауда. Біз де балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін дауыс бердік, – деді ол.

Дауыс беру тәртібі түсіндірілді

№15 сайлау учаскесінің төрайымы Шолпан Шахметова референдумға келген азаматтарға барлық қажетті ақпарат түсіндірілгенін айтты.

– Комиссия мүшелері қатысушыларды қарсы алып, тізім бойынша тексереді, бюллетеньдер береді және дауыс беру тәртібін түсіндіреді. Егер азамат өз есімін тізімнен таппаса, электрондық үкімет порталы арқылы тіркелген мекенжайы тексеріледі, – деді ол.

Жастар да белсенділік танытты

Алғаш рет дауыс берген жастардың қатарында 18 жастағы павлодарлық Диляра Айболқызы да бар.

– Мен үшін референдумға қатысу – маңызды қадам. Бұл елдің болашағына өз үлесімді қосуға мүмкіндік береді. Дауыс бере отырып, азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндім, – деді ол.

Қоғамдық тәртіп күшейтілді

Дауыс беру күні өңірде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер және басқа да күштік құрылымдар тартылды. Сондай-ақ полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және әкімдік өкілдерінен құралған арнайы өңірлік топ ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс істеді.

Жалпы алғанда, Павлодар облысында референдум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Барлық учаскелерде дауыс беру процесі ашық әрі заң талаптарына сай ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта учаскелік комиссиялар бюллетеньдерді санау жұмыстарына кірісті. Референдумның ресми қорытындылары кейінірек жарияланатын болады.